Резиденттік сертификаттары: салықтық тәуекелдерді азайту бойынша жадынама
9 ақпан, 2024 жыл Нұржан Стамқұлов, Әли Дәуталинов Synergy Partners заң фирмасы
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде салықтық конвенцияларды қолданған компаниялар 2024 жылғы 31 наурызға дейін салық органына салықтық резиденттік сертификатын тапсыруы тиіс.
Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, салық органдары резиденттік сертификаты бойынша сәйкессіздіктерді анықтап, салық пен өсімпұлды қосымша есептегенін күткенше, кез келген тәуекелдердің алдын алу әлдеқайда тиімді.
Егер шетелдік контрагенттің сертификаты Қазақстанның салық заңнамасының талаптарына сәйкес келмесе, онда қазақстандық компания салықтық конвенцияны қолдануға құқығы жоқ екенін есте сақтаңыз: яғни бейрезиденттің табыстарын босатуды немесе төмендетілген салық мөлшерлемесін қолдануға болмайды.
Бейрезидент сертификаты қарапайым құжат болып көрінгенімен, шағын қателер, дәлсіздіктер, күндердің сәйкес келмеуі, тұжырымдамалар, мәтін және басқа да ұсақ олқылықтар салдарынан көптеген қиындықтар, мәселелер мен салықтарды қосымша есептеу жағдайлары туындайды.
Резиденттік сертификаттарындағы олқылықтар, қателер мен кемшіліктер
Шетелдік контрагенттер Қазақстанға өз сертификаттарын жіберген кезде көптеген қателер жібереді. Мысалы, сертификатқа қол қойған лауазымды тұлғаның емес, нотариустың қолын куәландырады.
Кейде сертификат 2022 жылы беріліп, бірақ оны 2023 жылға қате қолданатын жағдайлар болады. Рәсімдеудегі қателер мен дәлсіздіктердің мысалдарын өте көптеп келтіруге болады.
Мәселені шешу
Біз барлық резиденттік сертификаттарын Қазақстанның салық заңнамасына сәйкестігін алдын ала тексеруді ұсынамыз. Сертификаттарды салық құқығымен айналысатын заңгерлердің тексергені жөн, өйткені тексеру кезінде шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру (легализация) бойынша заңнаманы білу және салық заңнамасының ерекшеліктерін түсіну қажет болады.
Ресурстар мен қаражатты үнемдеу
Тәжірибе көрсеткендей, компаниялар сертификаттарды алдын ала тексеруге, қосымша есептелген салықтарды даулауға немесе заңгерлердің уақытын қажет ететін камералдық бақылау хабарламаларымен жұмыс істеуге қарағанда әлдеқайда аз ресурс жұмсайды.
