KEGOC-тағы техникалық семинар
12 шілдеде KEGOC кеңсесінде Жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесіне интеграциялаудың техникалық мәселелері бойынша семинар өтті, оған Synergy Partners қызметкерлері қатысты.
Семинарда бірнеше спикерлер мен ҚР-дағы және шетелдегі ЖЭК қауымдастықтарының өкілдері болды. Олар: ҚР Энергетика министрлігі, ЕҚДБ, Азия даму банкі, АҚШ-тағы Ұлттық ЖЭК зертханасы (NREL), ЖЭК саласындағы консалтингтік компания (DNV GL) және Халықаралық ЖЭК агенттігі (IRENA).
Сөйленген сөздердің I модулі Қазақстанның ЖЭК бойынша әлеуетіне қатысты болды: елдің солтүстігі — жел диірмендері үшін, батысы — гидроэлектр станциялары үшін жақсы алаң, ал шығыс пен оңтүстіктің күн әлеуеті жоғары.
ЖЭК қондырғылары мен станция бөлшектері арзан емес екені, бірақ бүгінгі таңда құнының төмендеу үрдісі байқалатыны хабарланды. Энергия өндірушілер ең жаңа технологияларды орнатуы үшін немесе ескі технологияларды пайдалана алуы үшін нарықты реттеу қажет пе деген мәселе көтерілді. Мамандар әр жағдайдың жеке екенін және басқа елдердің тәжірибесі мен баға-сапа арақатынасына қарау керектігін атап өтті.
II модульде екі спикер сөз сөйледі: ҚР Энергетика министрлігі ЖЭК департаментінің директоры – Соспанова Айнұр Сапарбекқызы және DNV GL кеңесшісі Илька Левингтон. А.С. Соспанованың баяндамасы «Қазақстандағы ЖЭК саласындағы заңнамаға шолу» тақырыбынан тұрды. Ол ЖЭК туралы Заңға өзгерістер енгізілгенін және ең басты 2 жаңалық мыналар екенін айтты:
- Жобаларды іріктеудің аукциондық әдісі;
- Ірі компаниялардың жеке ЖЭК жобаларын іске асыру мүмкіндігі, бірақ олар «ЖЭК қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС-нен ақша талап етпейді.
Жобаларды аукциондық әдіспен іріктеу бойынша, Энергетика министрлігі соңғы тұтынушы қымбат төлемеуі үшін электр энергиясының тіркелген құнынан бас тартуды ұсынады. Электр энергиясын өндіруші өндірілетін электр энергиясының ең төменгі құнын беруі керек деген ұсыныс алға тартылды. А.С. Соспанова түсіндіргендей, аукцион ережелері әлі әзірленген жоқ. 19 шілдеде аукциондарды өткізу ережелері мен министрдің болашақ аукциондарға қатысты бұйрықтары мәселелері бойынша Жұмыс тобы күтілуде. Осылайша инвесторлар болашақ аукциондар туралы аукцион өткізілерден шамамен 6 ай бұрын білетін болады.
Екінші тармақ бойынша А.С. Соспанова ірі компаниялар мен өндірушілер ЖЭК бойынша жеке жобаларын іске асырғанын, бірақ «ЖЭК қолдау жөніндегі ЕҚО» ЖШС-нен ақша талап етпегенін қалайтынын айтты.
Жыл соңына дейін 15-ке жуық НҚА әзірленеді: кейбіреулері жаңадан жасалса, кейбіреулеріне өзгерістер енгізіледі.
DNV GL кеңесшісі Илька Левингтон Германияда аукцион өткізу тәжірибесі және олардың қандай қиындықтарға тап болғаны туралы айтып берді.
Аукцион өткізу ережелерін әзірлеу кезінде олар жобаларды ірі құрылыс салушыларға (commercial developers) беруді жоспарлаған. Алайда Бундестагтағы «Жасылдар» партиясы жобаларды неге тек ірі компаниялар алуы керек деген мәселе көтерді. Қарапайым азаматтардың (жеке тұлғалардың) өз қажеттіліктері үшін 1-2 МВт шағын станциялар салып, электр энергиясын сатқысы келуі мүмкін. Осылайша, құрылыс салушылардың 2 санаты бойынша шешім қабылданды:
- Ірі құрылыс салушылар (Commercial Developers);
- Жеке тұлғалар (Citizens’ Wind Park).
Олардың әрқайсысы үшін әртүрлі шарттар әзірленді:
- Ірі құрылыс салушылар аукционға қатысу үшін мыналарға ие болуы керек: Құрылысқа рұқсат, станцияны 24 ай ішінде салу және қамтамасыз ету ретінде 30 Euro/KiloWatt төлеу. Яғни, егер құрылыс салушы 50 МВт (50 000 КВт) жобаны алғысы келсе, 1,5 млн Евро көлемінде қамтамасыз ету беруі тиіс.
- Жеке тұлғалар үшін шарттар оңайырақ. Бір киловатт үшін 15 Евро көлемінде қамтамасыз ету беру керек және станцияны 48 ай ішінде салу қажет.
Неміс компаниялары аукционның 95%-ын ірі құрылыс салушылар ұтып алады деп күтті, өйткені 2100 өтінім берілген болатын. Алайда, мамыр айында 800 МВт-қа аукцион өткізу кезінде жеке тұлғалардың 96%-ы ұтып алды.
Неміс компаниялары жағдайды түзетуге тырысуда, өйткені:
- Мүмкін сөз байласу болған шығар және ірі компаниялар қамтамасыз етудің арзандығы мен құрылысқа берілген 48 ай уақытқа байланысты нарыққа жеке тұлғалардың көмегімен кіруді жөн көрген;
- Тамыз айында тағы да 1000 МегаВатт-қа аукцион болады және олар жағдай қайталанбауы үшін шешім іздеуде.
Кеңесшілер аукцион өткізу ережелерін әзірлеу кезінде Қазақстан мұндай жағдайға тап болмауы үшін осындай тәжірибемен бөлісті.
