ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНА ИНВЕСТИЦИЯНЫ ҚАЛАЙ ТАРТУҒА БОЛАДЫ?
Біз бұл мәселені мемлекет тұрғысынан қарастырмаймыз. Біз бұл мәселені емханалар тұрғысынан талдаймыз. Біздің компаниямыздың инвесторлармен және кейбір медициналық клиникалармен өзара іс-қимыл жасауда айтарлықтай үлкен тәжірибесі жинақталды. Бұл мақалада біз клиникалардың жеке инвестицияларды тарту процесінде кездесетін негізгі мәселелері мен сұрақтарын қарастырғымыз келеді.
Емханалар инвестицияның не үшін және қандай мақсаттарға қажет екендігі туралы сұрақтарды қазірдің өзінде қойып жатыр. Сірә, қордаланған мәселелерді шешу үшін болар. Мысалы, емханаға заманауи қосымша ғимарат салу, медициналық жабдықтар сатып алу, көрсетілетін қызметтер тізбегін кеңейту. Жалпы алғанда, клиника қызметін жақсарту үшін.
Бірақ инвестор бұл клиникаға инвестициясының қайтарымдылығына көз жеткізбейінше, жайдан-жай заем бермейді немесе оның акцияларын сатып алмайды. Мысалы, инвестор емханаға 20 млн доллар инвестициялауды жоспарлайды. Әдетте инвестиция көкжиегі шамамен 5-7 жылды құрайды, яғни 5-7 жыл ішінде инвестор өзінің 20 млн долларын қайтарып, үстінен пайда алуы тиіс.
Емхананың табыстылығына кім кепіл? Инвестицияның қайтарымдылығына кім кепіл? Бұл дегеніміз, егер ол клиника акционерлерінің бірі болса, оның салған қаражаты жыл сайын шамамен 3 млн доллар дивиденд әкелуі тиіс дегенді білдіреді. Инвестор үшін екінші нұсқа — бизнестен шығу, яғни ол 5 жылдан кейін клиникадағы өз үлесін басқа инвесторларға 30 млн долларға сатады. Сонда оның табысы, 20 млн доллар инвестицияның қайтарылуын есептемегенде, жылына шамамен 2 млн долларды құрайды. Бұл — инвестор үшін ең идеалды сценарийлер. Бірақ инвестор мұндай табысқа қол жеткізу қиын екенін біледі, егер емхана өте танымал, тиімді және табысты болмаса. Жалпы, инвестициядан айырылып қалу өте оңай. Инвестицияның қайтарылмауына көптеген факторлар әсер етеді. Сондықтан инвестордың клиникаға қояр сұрағы көп. Ол тәуекелдің қаншалықты негізді екенін, клиниканың басқа акционерлерімен жұмыс істеудің қаншалықты қиын болатынын мұқият ойластырады.
Мұндай жағдайда клиника инвесторды өзінің осындай табыс әкеле алатынына, мықты клиенттік базасы бар екеніне, медициналық қызмет сапасының жоғарылығына және басқа клиникалар алдында өзге де бәсекелестік артықшылықтары бар екеніне сендіруі керек. Медициналық клиникалардың басшылары мен иелерінде ешқандай аңғалдық пен өзіне тым сенімділік болмауы тиіс. Клиника өз табыстылығын және, ең бастысы, бизнестің ұзақ мерзімді тұрақтылығын көрсетіп, дәлелдеуі керек. Әрине, клиникаға өзінің операциялық және ұйымдастырушылық тиімділігін, сату арналарын арттыру, стратегияны айқындау және ұзақ мерзімді тұрақтылықпен жұмыс істеу үшін кеңесшілерге жүгінуге тура келуі мүмкін.
Шетелдік инвесторларға 300-500 төсек-орынға есептелген клиникалар, яғни ірі қалалардағы үлкен емханалар қызықты. Қазақстанда әзірге бір мегаполис және қарқынды дамып келе жатқан екі қала — Шымкент пен Астана бар. Қарағанды қазірдің өзінде Астананың метроаймағына кіреді. Дегенмен, 100-150 төсек-орындық өңірлік емхананы сатып алуға мүдделі инвесторлардың табылуы да әбден мүмкін.
Мемлекеттік клиника инвестиция тарта алмайды, өйткені мемлекет клиника акцияларын инвесторға сатуға құқылы емес. Соған қарамастан, мемлекеттік клиникалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобалары есебінен дами алады. Біздің мәліметімізше, кейбір клиникалар МЖӘ жобалары бойынша 30-ға жуық келісімшарт жасасқан, олардың ішінде мемлекеттік клиникалардың қымбат медициналық жабдықтарын жаңартуға арналған келісімшарттар бар.
Бұл алғышарттар бізді мынадай ойға жетелейді: мемлекеттік клиника жекеменшікке өтпейінше, инвестиция туралы айтудың мәні жоқ. Жекешелендіру бағдарламасы емханаларға жеке компания болуға мүмкіндік беруі тиіс. Қазақстанда Yellow Pages тұжырымдамасы аясында, яғни мемлекеттің экономикадағы үлесін барынша азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында мемлекеттік ауруханалар мен клиникаларды жекешелендіру науқаны басталып та кетті. Алайда, бұл процесс өте ұзаққа созылады. Кейбір клиникалар РМК (республикалық мемлекеттік кәсіпорын) түрінде жұмыс істейді, яғни олардың заңды тұлға нысаны акциялар шығаруды қарастырмайды. Тиісінше, клиниканы сату үшін алдымен РМК-ны АҚ-ға айналдыру, содан кейін акциялардың толық пакетін жеке тұлғаларға сату арқылы АҚ-ны жекешелендіруді ұйымдастыру қажет.
Жекешелендіруден кейін бұл емханалар инвестиция тарту есебінен жедел өсу мен даму мүмкіндіктерін алады. Олар бірлескен кәсіпорындар құра алады, акцияларды қосымша эмиссиялау есебінен жаңа акционерлерді шақыра алады, мерзім соңында емхана акцияларына айырбасталатын заемдар ала алады.
Алайда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі ойынның жаңа ережелерін енгізуде. Біз клиникалар арасындағы бәсекелестік тек күшейе түседі деп болжаймыз. МӘМС жүйесі бойынша пациент қай клиникада емделетінін немесе диагностикадан өтетінін өзі таңдайды. Пациент үшін ақша қызмет көрсетілгеннен кейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (ӘМСҚ) медициналық клиникаға түседі. Мысалы, жаңа тіркелу жүйесі болашақ пациенттерге кез келген клиникаға тіркелуге, яғни өз ауданыңдағы емес, кез келген клиниканы таңдауға мүмкіндік береді. Бұрын халықты ол жерде емделу ұнай ма, жоқ па, оған қарамастан тек жақын маңдағы ауруханаға тіркеу жүйесі болған.
Инвестиция тарту мәселесі көбірек пациент тарту мәселесімен тең. Бір жағынан, іс жүзінде барлық ірі және жетекші емханалар — мемлекеттік емханалар. Екінші жағынан, мемлекеттік клиникаларда қызмет сапасының жақсылығынан емес, ескі тіркеу жүйесінің салдарынан пациенттер көп. Мұндай жүйе бұдан былай болмайтындықтан, мемлекеттік клиникалар пациенттерді жоғалтуда өте осал болып қалады, бірақ олар үшін бұл әзірге анық емес.
Себептер көп. Өзіңіз ойлап қараңызшы, мемлекеттік медициналық клиникалар мемлекеттік сатып алуларға шағымданады, соның кесірінен жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе тиімді сатып алулар жасау мүмкін емес. Мемлекеттік сатып алу бойынша тексерушілер емхана басшылығының «берекесін алады». Ғалым және басшы Кеннет Әлібектің айтуынша, ол мұндай бюрократиядан қорқа бастаған. Көп жағдайда медициналық клиникалардың топ-менеджменті (директорлар кеңесі) негізінен корпоративтік ортада үлкен жұмыс тәжірибесі бар кәсіби басқарушы емес, Үкімет шенеуніктерінен тұрады. Клиникаларды қолмен басқарумен іс жүзінде бәсекелестік ортада жұмыс істеу дағдылары жеткіліксіз дәрігерлердің өздері айналысады. Соның салдарынан емханалардағы ұзын-сонар кезектер, тиімсіз емдеу, тиімсіз шығындар ақыр соңында пациенттерді үркітеді. Бірақ ауыл тұрғындарының қалаларға жылдам миграциясы мен 2007 жылдан бергі халық санының өсуіне байланысты клиникалар мұны әзірге көріп отырған жоқ. Әзірге сұраныс ұсыныстан асып тұр.
Жекеменшік клиникалар он жыл ішінде көп нәрсені үйренді. Бұл — өз қызметтерін маркетингтеу, мемлекеттік клиникалармен лайықты бәсекелестік, тиімді бизнес-процестер, дұрыс бюджеттік саясат, желіні жаңарту және кеңейту. Бірақ жекеменшік клиникалар да босаңсымауы керек, өйткені жақын арада көптеген мемлекеттік клиникалар жекеменшікке өтеді. Сондықтан, мәселе кімнің өзін инвестициялар мен капитал салымдары үшін тезірек тартымды ететіндігінде, кімнің өзін пациенттер үшін тезірек тартымды ететіндігінде болады.
