Соттарда залалдарды өндіріп алу
Соттар залалдарды өндіріп алу бойынша консервативті ұстанымды ұстанады Қазақстанның Азаматтық кодексіне сәйкес, залалдарға нақты нұқсан (зиян) және айырылып қалған пайда жатады. Өкінішке орай, практика көрсеткендей, егер мұндай нұқсан дәлелденсе, соттар көбінесе зиянды өндіріп алу туралы шешімдер шығарады, ал айырылып қалған пайданы өндіріп алу туралы сот шешімдері өте аз.
Бұл Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес, сот Талап қоюшының ұстанымы мен уәждерін келесі жағдайларда қабылдайтынымен түсіндіріледі:
- Жауапкер Талап қоюшының уәждеріне қарсылық білдірмесе және оларды дәлелдемелермен теріске шығармаса;
- Талап қоюшы өз ұстанымы мен уәждерін растайтын дәлелдемелер ұсынса.
Бүгінгі таңда айырылып қалған пайданы объективті дәлелдемелермен растау өте қиын. Әдетте, Талап қоюшылар қандай табыс алуы мүмкін екендігі туралы өз есептерін ұсынады, бірақ мұндай есептер объективті жағынан расталмаған. Соттар мұндай есептерге сын көзбен қарайды, сондықтан айырылып қалған пайданы өндіруден бас тартады.
Бірқатар жағдайларда соттар айырылып қалған пайда бойынша өз есептерін беретін маманның немесе бағалаушының қорытындысы негізінде шешім шығарады. Әдетте, бағалаушы есептеу жүргізу үшін бухгалтерлік және қаржылық құжаттарды талап етеді. Алайда, Азаматтық іс жүргізу кодексінің ережелеріне сәйкес, ешбір дәлелдеменің сот үшін алдын ала белгіленген күші болмайды.
Басқаша айтқанда, сот істі дәлелдемелер жиынтығы бойынша және жалпы іс мән-жайларына сүйене отырып шешеді. Сондықтан айырылып қалған пайданы өндіріп алу ең күрделі және проблемалық мәселе болып қала береді.
Мәселені шешу
Біз шарттарда міндеттемелерді бұзғаны үшін айыппұлдардың нақты түрлерін көрсетуді ұсынамыз, олар негізінен шарттық міндеттемелерді бұзудан болатын экономикалық шығындарды жабуы тиіс.
Мысалдар
«А» ЖШС құрылыс жұмыстарымен айналысады және «А» ЖШС-не жыл соңына дейін аумақты абаттандыру жұмыстарын үлгеру үшін 1 желтоқсанға дейін асфальт төсегіш алу қажет. «А» ЖШС жабдықты «В» ЖШС компаниясынан сатып алады.
Шартта былай деп көрсетуге болады: «Егер «В» ЖШС тиісті мерзімде асфальт төсегішті жеткізбесе және кешігу 5 күннен асса, онда «А» ЖШС екінші тарапты 5 күнтізбелік күн бұрын хабардар ете отырып, шартты орындаудан бас тартуға құқылы, ал «В» ЖШС төленген 50% алдын ала төлемді қайтарады және «А» ЖШС пайдасына төсегіш құнының 30% мөлшерінде айыппұл төлейді.»
Соттардың ұстанымы
Соттар егер тараптар шарт жасасса, онда шарттың ережелері қолданылады деген ұстанымды ұстанады. Бүгінгі таңда соттарға есептеулері апелляциялық және жоғары тұрған соттар тұрғысынан даулы болуы мүмкін залалдарды өндіріп алғаннан көрі, шарттың ережелерін ұстану оңайырақ.
Сондықтан, біз залалдар туралы ережелерді, залалдардың құрамына не кіретінін нақтылауды немесе контрагенттеріңіздің міндеттемелерді бұзуынан болатын экономикалық шығындарды өтеу үшін шарттарда басқа да қорғаныс тетіктерін қолдануды ұсынамыз.
Бұл материалды Synergy Partners заңгерлері дауларды шешу және сот ісін жүргізу практикасы бойынша дайындады: Анар Дауталинова, Нұржан Стамқұлов.
